18 жасқа дейінгі АИТВ-жұқтырған балаларға білікті мамандандырылған медициналық көмек «Ана мен бала» оңалту орталығында, жүргізіледі. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олар ересектер тобына жатқызылып, диспансерлік бақылау мен емдеу ЖИТС-орталығында жүргізіледі. 2023 жылдың 1 қарашасында 18 жастан асқан 108 пациент «Ана мен бала» оңалту орталығынан ЖИТС орталығына ауыстырылған. Кәмелет жасқа толған пациенттерге ЖИТС орталығында көрсетілетін медициналық көмектің өзіндік ерекшеліктері бар.
Пациенттің ересек, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз бетінше шешім қабылдау құқығы мен жауапкершілігінде. Ересектердің, жасөспірімдердің және балалардың құқықтары мен міндеттері «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте (12 тарау, 134-135 баптар) анықталған. Кәмелет жасқа толған пациенттерді ЖИТС-орталығына тіркеу барысында олар өзінің диагнозы, жұқтыру жолдары, алдын алу шаралары, диспансерлік бақылау тәртібі және қасақана жұқтыру кезіндегі жауапкершілік туралы әңгімелесу, психоәлеуметтік кеңес беру жүргізіледі, арнайы әңгімелесу парағына қол қояды. Одан бөлек, антиретровирустық терапия қабылдау ережесімен таныстырылып, ақпараттандырылған келісімі бойынша емдеу жүргізіледі. Ал ересектерде және балаларда АИТВ-инфекциясын диагностикалау мен емдеудегі ерекшеліктер 2023 жылғы 17 наурыздағы №180 клиникалық хаттамасында көрсетілген. Ересектердегі АИТВ-инфекциясын емдеу, Қазақстан республикасында ресми тіркелген, қолданылуы рұқсат етілген, сапасы мен тиімділігі клиникалық зерттеулерде дәлелденген, сертификатталған препараттармен жүргізіледі.
«Ана мен бала» орталығы тек арнайы диагнозы бар науқастарға бейінді көмек көрсететін жабық үлгідегі ұйым. Ал ЖИТС-орталығы АИТВ-жұқтырған тұрғындарға медико-әлеуметтік көмек көрсетуден басқа, жалпы халық арасында, әсіресе өмір салтының ерекшеліктеріне байланысты АИТВ инфекциясын жұқтырудың жоғары қаупіне ұшыраған халық топтары (инъекциялық есірткіні тұтынатындар, ерлермен жыныстық қатынасқа түсетіндер, секс жұмыскерлері) арасында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып жүргізеді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы азаматтарына, қандастарға, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты және уақытша тұратын шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, босқындар мен пана іздеген адамдарға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде немесе құпия медициналық зерттеп-қаралу және консультация беру қызметін көрсетеді. АИТВ-ның андан балаға вертикалды жолмен берілуінің профилактикасын ұйымдастырады. АИТВ-ошақтарына эпидемиологиялық талдау жүргізеді. Бір сөзбен айтқанда, тек бірнеше пациентке ғана емес, миллионнан астам Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына медициналық қызмет көрсететін, ашық үлгідегі ұйым. Бұл жағдай кешегі жасөспірімдердің ерсесек өмірге жеңіл дағдылануына септігін тигізеді.
Шымкент қаласы ЖИТС орталығының бас дәрігерінің орынбасары Қ.Н.Маширов